«Нұр Отан» Алматыдағы балалар орталығына логопедтік тренажер сыйлады

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың Алматы қаласындағы жұмыс сапары басталды, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарын Алматы қаласындағы Ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған күндізгі орталықтардың бірінен бастады.  Аталған бөлім «Кедергісіз болашақ» партиялық жобасын жүзеге асыру мақсатында «Нұр Отанның»  тікелей бастамасымен және қолдауымен ашылған. Партия басшылығы бүгінгі сапарында орталыққа «Дэльфа» логопедтік тренажерын сыйға тартты. Бұл жаттығу құралы арқылы балалар сөйлеуге, сөздерді дыбыстауға арналған әртүрлі тапсырмаларды оңай орындай алады. 

«Елбасының партия қызметін жаңғырту жөніндегі тапсырмасына орай әлеуметтік бағыттағы жұмыс барысын одан әрі күшейту көзделіп отыр. Соған байланысты мүмкіндігі шектеулі жандарға, ардагерлерге және халықтың аз қамтылған тобына қолдау көрсетуге бағытталған барлық партиялық жобалар қайта қаралып, олардың өзектілігі арта түспек», - деді Мәулен Әшімбаев.

Бүгінде аталған орталықта 30 бала жартылай станционарда арнайы әлеуметтік міндеттерді тегін алып отыр. Жалпы қала бойынша 200 балаға қызмет көрсетіп отырған 3 бөлім жұмыс істейді.
 

«Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, дәл осындай екі бөлімше  таяуда Жетісу және Наурызбай аудандарында ашылмақ.

Мәулен Әшімбаев орталық жұмысымен таныса келе, балаларды оңалту және бейімдеу жұмыстары жүргізілетін арнайы кабинеттерді көрді. Орталық қызметкерлерімен кездесуінде ол  партия ерекше күтімді талап ететін жас қазақстандықтарды қолдауға айрықша көңіл бөлетінін атап айтты.  Кездесу соңында балаларға партия атынан арнайы сыйлықтар табыс етілді.  
 

Соңғы жаңалықтар