«Нұр Отан» ХДП Алматы облыстық филиалының өкілдері «Киелі мұрамызға тағзым» акциясы аясында «Таңбалы тас» ашық аспан астындағы мұражайда болды

Фото: None
АЛМАТЫ. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - «Нұр Отан» ХДП Алматы облыстық филиалының өкілдері тамыздың 29-ы күні «Киелі мұрамызға тағзым» акциясы аясында Жамбыл ауданындағы «Таңбалы тас» ашық аспан астындағы мұражайға сапар жасады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жамбыл ауданының батысындағы шөлейтті және жартылай шөлейтті аймаққа жататын Қарабастау елді мекенінің жазықпен шектескен Таңбалы шатқалындағы талайды тамсандырған тастағы қашалған, бедерленген қазіргі кезде туризм көзіне айналып, халқымыздың бай мұрасы ретінде танылған ежелгі мұра алыс-жақыннан келгендердің назарына ұсынылып келеді. 2005 жылы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде "Таңбалы археологиялық ланд­шафты жартас суреттері" қазақстандық номинациясын Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу туралы серти­фикатты ЮНЕСКО-ның бас директоры Кончиро Мацура қорық-мұражайдың директорына тапсырып, оның маңыздылығын айқындаған еді.

Таңбалы шат­қалының аумағында 100-ден астам әр уақыттағы ескерткіштер - қола дәуірінен б.з.д. XІV-XІІІ ғасырдың ортасынан XІX-XX ғасырларға дейінгі аралықты қамтыған қоныстар, молалар, ертедегі тас қашалған орындар, жартас суреттері және құрбандық шалынатын жерлер орналасқан. Архео­логтардың айтуынша, Таңбалының көптеген жартас суреттері қола дәуіріндегі Орталық Азияның жартастағы өнерінің бірегейлігі. Сонымен бірге ежелгі Жібек жолының бір тармағы болғанын да тарихи орындар айғақтайтын көрінеді.

«Қазақстан көптеген өркениет пен мәдениеттердің қиылысқан жері болып табылады, әрі мәдени және тарихи ескерткіштер түріндегі мұраға бай ел. Бүгінгі күні Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы 35 мың архитектуралық, монументалды өнер, археологиялық және қозғалмайтын тарихи ескерткіштерді қамтиды. Осы Таңбалы тас ашық аспан асты мұражайында нұротандықтар мен партия белсенділері, әсіресе, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, бабаларымыздан қалған тарихи мұраны сол күйінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін қамқорлық жасауда», дейді «Нұр Отан» ХДП Алматы облыстық филиалы қоғамдық-саяси жұмыс бөлімінің кеңесшісі Айгерім Балғымбаева.

Шараға «Нұр Отанның» облыстық және Жамбыл аудандық филиалы мен «Жас Отан» жастар қанаты атсалысуда.