«Нұр Отан» ХДП халықтық тұғырнамасы Үкімет үшін әлеуметтік-экономикалық саясатты қалыптастыратын негіз болып табылады - С. Ахметов
12:17, 14 Мамыр 2009
АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Нұр Отан» ХДП халықтық тұғырнамасы Үкімет үшін әлеуметтік-экономикалық саясатты қалыптастыратын негіз болып табылады.
Бүгін Астанада өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясы депутаттарының форумы барысында сөз сөйлеген ҚР Үкімет басшысының орынбасары Серік Ахметов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сөз арасында С. Ахметов бүгінгі күнгі ғаламдық жағдайларға тоқтала келе, Қазақстанның бұл бағытта басқан қадамы нық болып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазірдің өзінде халықаралық сарапшылар Қазақстанның әлемдік дағдарыстың алғашқы қысымын қайтарып отырғанына назар аударып келеді. «Сарапшылардың бұлай пайымдауына да біршама мәселелер түрткі болды. Ең алдымен біздің партияның лидері Н. Назарбаевтың елімізді модернизациялау және демократияландыру бағытындағы стратегиялық айқындаған бағыты бұған демеу болды. Екіншіден, біз өткен жылдар ішінде беріктік пен төзімділік қорын жинақтай алдық. Үшіншіден, біздің дағдарысқа қарсы бағдарламамыз нақты мәселелермен өлшеніп жасалды. Төртіншіден, бұған «Нұр Отан» партиясының халықтық тұғырнамада қамтылған нақты бағдарламасы септігін тигізді», деді С. Ахметов.
Оның айтуынша, «Нұр Отан» ХДП халықтық тұғырнамасы Үкімет үшін әлеуметтік-экономикалық саясатты қалыптастыратын негіз болып табылады. «Тұғырнамада қамтылған азаматтардың сапалы өмірін қамтамасыз ету, жоғары технологиялар мен бәсекеге қабілетті экономика құру және тағы басқа мәселелер Үкіметтік бағдарламалар мен жоспарлардың басты міндеттері болып табылады», деді С. Ахметов.