АСТАНА. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Сейсенбі, тамыздың 24-інде «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Дәулеткерей Рахметуллин, «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалының қоғамдық қабылдауының меңгерушісі Марал Елеуқұлова Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау қазақстандық халықаралық бюросының заңгері А.Кемелхановпен бірге Астана қаласындағы қатаң тәртіптегі колонияда болды, деп хабарлайды елордалық ҚАЖК департаментінен.
ҚАЖК департаменті бастығының орынбасары Ермекбай Қожахметовтың айтуынша, колонияда комиссия мүшелері өндіріс және тұрғынжай бөлмелерін аралап көріп, «Еңбек-Астана» РМК тігін цехының өндірісімен танысты, сотталғандардың туған-туысқандарымен кездесетін бөлмесін тамашалады. Нысанды көру барысында сотталғандармен кездесулер өткізілді.
Кездесу соңында комиссия мүшелері 20-дан астам сотталғандарды олардың жеке мәселелері бойынша қабылдады.