«Нұр Отан» ХДП-нің қоғамдық қабылдауына халық тарапынан түскен өтініштердің басым бөлігі баспана мәселесіне арналған
Бұл туралы бүгін 2009 жылдағы атқарған жұмысының негізгі нәтижелерін жариялау кезінде партияның оғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Дарханбек Жанділдин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметі азаматтарды қабылдау, өтініштермен жұмыс және мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимыл жасасуына жағдай жасау бағытында жүріп келеді. «Қоғамдық қабылдау республиканың барлық жерлерінде қарқынды жүргізілді. 2009 жылы партияның қабылдау бөлмесіне 67 973 өтініш түсті, оның ішінде 32 006 өтініш жазбаша хат түрінде келді», дейді Д. Жанділдин.
Оның келтірген мәліметіне сәйкес, халық өтініштерінің басым бөлігі заңгерлік кеңес беру, баспана мен тұрғын үй мәселелері және жұмыспен қамту жайында болып отыр. Тұрғын үй мәселесіне байланысты түскен 10 мыңнан аса өтініш негізінен Алматы мен Астана қалаларынан.
«Уәкілетті органдарға 31 619 өтініш жолданды. Олар бойынша 13 274 оң шешімін тапты», деп атап көрсетті ол.
Түрлі мәселелер бойынша партияға азаматтар тарапынан өтініштердің саны жыл сайын ұлғайып жатқандығын атап өткен жөн. Мысалы, 2005 жылы қоғамдық қабылдауға 4 600 өтініш түскен болса, 2007 жылы 35 мыңнан аса өтініш жолданған.