«Нұр Отан» ХДП-ның 2020 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеуде халықтан 2 миллионнан астам ұсыныс түсті

None
АНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - «Нұр Отан» ХДП-ның 2020 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеуде халықтан 2 миллионнан астам ұсыныс түсті", - деді аталған партияның Орталық аппараты жетекшісінің орынбасары Расул Оразғұлов.

Ол бұл туралы бүгін елордада «Нұр Отан» ХДП-ның 2020 жылға дейінгі бағдарламасының әлеуметтік аспектілері» деген тақырыппен өткен дөңгелек үстел барысында айтты.

«Жобамен құрамында беделді әрі танымал партия мүшелері, Парламент депутаттары, қоғам және саяси қайраткерлер кірген арнайы жұмыс тобы айналысты. Бағдарламаны әзірлеу үшін арнайы «Отандастар» атты ауқымды партиялық жоба іске қосылып, оның аясында халықтан 2 миллионнан астам ұсыныс жиналды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, жоба партиялық ұйымдарда жан-жақты талқыға түскен. Сонымен қатар БАҚ беттерінде де жарияланып, бүкілхалықтық талқылау ұйымдастырылған. Халық тарапынан аталған құжатқа орай түскен ұсыныстар мен ескертпелерді жинайтын арнайы редакциялық комиссия да құрылған.

Алқалы жиынға қатысқан еліміздегі азаматтық қоғам институттарының өкілдері бағдарлама жобасын егжей-тегжейлі талқылап, өз тараптарынан ұсыныстарын білдірді.