«Нұр Отан» ХДП-ның тиімді инфрақұрылымы құрылуы тиіс - Б.Байбек

АСТАНА. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» ХДП-ның тиімді инфрақұрылымы құрылуы тиіс. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалының 18-ші кезектен тыс конференциясында партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлім етті.

«Бүгінгі таңда біздің өңірлердегі көптеген партияластарымыз орталық аппаратта жұмыс істей бастады. Яғни, партия партияластар үшін мансаптық өсу мүмкіншілігін беретін әлеуметтік лифт болады», - деді ол. Бұл ретте Б.Байбек жергілікті және орталық атқарушы органдардың қызметіне партия тарапынан бақылауды күшейту үшін материалдық-техникалық базаны нығайту маңыздылығын баса айтты. «Партияның тиімді инфрақұрылымы болуы тиіс. Бүгінгі таңда «Нұр Отан» партиясы - бұл 900 мың мүше, 9 мыңнан астам бастапқы партиялық ұйым және 3 мыңнан астам партиялық бақылау бекеттері. Бұл Партиялық бақылау комитетінің тиімді жұмысы», - деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.