«Нұр-Отан» ХДП-ның жанынан «Өрлеу» экономикалық клубы құрылады - брифинг

None
АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Жақын күндері «Нұр-Отан» ХДП-ның жанынан «Өрлеу» экономикалық клубы құрылады.
Ал келесі аптада клубтың алғашқы ұйымдастырушылық отырысы өтеді. Бұл туралы бүгін өткен апталық брифингте партияның ресми өкілі Оксана Петерс мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Әлемдік экономикада болып жатқан жағдайлардың Қазақстанға әсерін, оның себептері мен салдарына тұрақты зерттеу жүргізу және жаңа қадамдарды қолға алу үшін, партия жанынан еліміздің жетекші экономистерінен, мемлекеттік басқарушылардан, сарапшылар мен зерттеушілерден тұратын экономикалық клуб құрылады», - деді О.Петерс. Клубтың басты міндеті экономикадағы өзекті проблемаларды шешуге бағытталған ұтымды ұсыныстарды пысықтау, жаңа идеялар мен шешімдерді әзірлеуге білікті сарапшыларды тарту, интеллектуалды ресурстарды біріктіру болып табылады. Бірінші отырысқа тек клуб мүшелері ғана қатысады. Одан кейінгі жиындарға сарапшы ретінде мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлер, бизнес өкілдері шақырылатын болады деп күтілуде. Клуб отырысын ай сайын өткізу жоспарланған.