«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының мәжілісінде Елбасы Жолдауын халыққа жеткізуде үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданды

КӨКШЕТАУ. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Ақмола облыстық филиалының кеңейтілген саяси кеңес мәжілісінде Елбасының Қазақстан халықтарына арналған «Дағдарыстан-дамуға» атты Жолдауын халыққа жеткізуде үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Өңір партия активінің басқосуында облыс әкімі Альберт Рау Жолдауда атап көрсетілген басымдықтарды іс жүзіне асыру бағытында әрбір партия мүшесі, лауазым иесі халыққа жеткізуге атсалысу қажеттігін ерекше атап көрсетті. Бұл ретте әр елді мекенде жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік саланы ұдайы назарда ұстау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ісін жақсарту, ауыларалық жолдарды ретке келтіру бағытында бірлесіп жұмыс жасауға үндеді. Дағдарысқа қарсы күресті өрістету мақсатымен үш миллиард теңге қаржы бөлініп отырғандығын жеткізген облыс әкімі оны тиімді, қажетті бағдарламаға, жұмыссыздықтың алдын алуға бағыттауды тапсырды. Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Валерий Котович Парламент қабырғасында қабылданған заңдар, Елбасының Жолдауына қатысты негізгі ұстанымдар жайын тілге тиек етсе, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры, облыстық мәслихаттағы депутаттар фракциясының жетекшісі Сағынтай Елубаев студенттерге қатысты ойларымен бөлісіп, мемлекеттік гранттар мен жеңілдіктер турасында қолға алынып отырған шараларды айтты. «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Ерік Қалымов Жолдау аясында жастарға жасалып отырған қамқорлық, студенттердің білім алуларына қарастырылған оң қадамдарды тілге тиек етті. Мәжілісте Орталық аппараттың квотасына сәйкес «Нұр Отан» ХДП 12-ші съезіне делегаттар сайланды.