«Нұр Отан» ХДП Партиялық бақылау комитетінің төрағасы оралмандар ортасында болды

None
ӨКШЕТАУ. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына жұмыс бабымен келген «Нұр Отан» халықтық- демократиялық партиясы Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Боран Рахымбеков Көкшетау қаласына таяу орналасқан оралмандар ауылында болып, мұндағы тұрмыс жағдайымен танысып, туындаған сауалдарға жауап қайтарды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында 159 отбасы жайлы үймен қамтамасыз етіліп, қоныс тойларын атап өткен болатын. Бірақ та, асығыстық салдарынан мердігер кәсіпорын бірқатар оралымсыздыққа жол берген. Қақаған қыс айларында үйлерді жылыту азабы бір дүрліктірсе, әлеуметтік түйіндердің шешілмеуі екінші жағынан аяққа оралғы болған. Қора-қопсылардың ескерілмеуі өз шаруашылығын жандандыруға мүмкіндік бермеген. Қазірдің өзінде қандастарымыздың он пайызы жұмыспен қамтамасыз етілсе, 30 пайызының еш мамандығы жоқ. Мейман осы жайттардың барлығын өз көзімен көріп, алдағы уақытта шешімін табуына ықпалдасатынын жеткізді. Осыған сәйкес жергілікті бюджет есебінен үй шаруашылығын жандандыруға жағдай жасалып, әлеуметтік нысандар құрылысы қолға алынбақ. Оған «Сарыарқа» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорация қолдау көрсетпек. Жалпы тұрғын үйлер сапасының талап деңгейінде болуын бас мердігер өз қаржысы есебінен қамтамасыз етпек.