Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, бизнес құрылымдар және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, кадрлық резервті қалыптастыруда ауқымды әрі жүйелі жұмыстар атқарды. Бұл туралы бүгін журналистермен өткен брифингте партияның Орталық аппараты жетекшісінің орынбасары Мәлік Мырзалин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуына қарағанда, үміткерлерді іріктеу негізінен партия мүшелері, мемлекеттік және партия қызметкерлері, сонымен қатар мемлекет пен партия саясатын қолдайтын белсенді азаматтар арасында жүргізілген.
«Резервтегілер бекітілген тәртіп бойынша мемлекеттік қызметке, ұлттық басқару холдингтеріне, даму институттарына, мемлекеттік және мемлекет қатысатын ұйымдарда, сондай-ақ әлеуметтік-мәдени, білім, ғылым сияқты салаларда қызметке тағайындау және сайлау үшін партия атынан ұсынылады», дейді Мәлік Мырзалин.
Партияның Орталық аппараты жетекшісінің орынбасарының мәліметтеріне қарағанда, қазіргі уақытта резервтегілердің бірқатары жаңа қызметке кіріскен. Олардың арасында Әсет Құрманғалиев Қорғаныс министрлігінің аппарат жетекшісі, Ұласбек Сәдібеков «Нұр Отан» ХДП Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, Ербол Әліқұлов Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі, Талғат Қалиев пен Роман Василенко ҚР Сыртқы істер министрлігі комитеттерінің төрағасы болып тағайындалған.
Саяси кеңес бюросының шешімімен партияның кадрлық резерві 503 адам болып бекітілген. Резервке алынған азаматтардың тізімі таяу арада бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Қазіргі уақытта Орталық аппарат тізімге алынған азаматтарды міндетті оқыту, кәсіби шеберлігін арттыру, оларды қызметке тағайындау және ұсыну тетіктері қарастырылған партияның кадрлық саясаты тұжырымдамасын дайындауда. Аталған құжаттың таныстырылымы ағымдағы жылдың 4-ші тоқсанында Саяси кеңес бюросының кезекті жиынында өтеді.