«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Ақтөбе облысында сапармен жүр

None
АҚТӨБЕ. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Бүгін Ақтөбе облысына екікүндік сапармен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллин келді. Ол келе салып Хромтау ауданындағы Көктау кентіне аттанып,

онда «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС мыс және мыс-мырыш рудаларын өңдеу жөніндегі байыту фабрикасының екінші кезеңінің құрылыс барысымен танысты.

Н.Нығматуллиннің аймаққа жұмыс сапарының негізгі мақсаты - облыстың экономикалық дамуымен және индустриялық-инновациялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысу, деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

Ақтөбе облысында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында биыл жалпы инвестициялық құны 113,5 миллиард теңгені құрайтын 24 жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Одан кейін Н.Нығматуллин жылдық өңдеу қуаты 130 мың хром рудасын құрайтын кен-байыту комбинатының инновациялық жобасын қолға алып отырған «ВОСХОД-ОРИЕЛ» серіктестігіне ат басын тіреді. Түстен кейін «Нұр Отан» Төрағасының бірінші орынбасары тағы бірқатар нысандарды араламақ.

Ал ертең Н.Нығматуллин «Ауылдың өркендеуі - Қазақстанның өркендеуі» жастар акциясына арналған салтанатты жиынға қатысады, сондай-ақ студенттік құрылыс жасақтарының қатысуымен салынып жатқан құрылыс нысандарын аралайды.