«Нұр Отан» ХДП Төрағасының Бірінші орынбасары Б. Байбек Жамбыл облысына барды
Бұл туралы саяси ұйымның баспасөз қызметі хабарлады.
Сапар барысында Б.Байбек «Мүгедек жастар қоғамы» мүшелерімен кездесіп, қоғамдық ұйымның мемлекеттік сатып алуларға қатысуы, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жастардың әлеуметтенуі мәселелерін талқылады.
Сонымен бірге Б.Байбек Тараз қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектебінің» құрылысымен танысты. Нысанды қолданысқа беру мерзімінің бұзылуы салдарынан мектептің ашылуы бірнеше мәрте кейінге қалдырылған еді. Оны мердігер компанияның өкілдері жобалық-сметалық құжатты түзету қажеттілігінен туындады деп түсіндіріп отыр. «Нұр Отан» ХДП Төрағасының Бірінші орынбасары бұл мектеп өз оқушыларына жаңа оқу жылында есігін айқара ашуы тиіс деген нақты міндет жүктеді. Сондай-ақ жергілікті мәслихаттағы депутаттық фракцияға мектепке баратын жол салуға қажетті қаржы қарастыруды тапсырды.
Жұмыс сапары барысында Бауыржан Байбек өңірлік партия филиалындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтардың жеке қабылдауын өткізді. Атап айтқанда, көп балалы аналар Назира Жұмаділова мен Мәдина Кеукенбаева партия назарын көп балалы және табысы аз жанұялардан шыққан балалардың Тараз қалалық мектепке дейінгі мекемелердегі орындармен қамтамасыз етілуі мәселесіне аудартты.
Кәмелетке толмаған балаларымен Талас ауданы Қожағаппар ауылында тұрып жатқан 2 топтағы мүгедек, жесір әйел Назымкүл Райынбекова дауылда қираған үйін қалпына келтіру үшін көмек сұрап келді.
Жамбыл ауданы Қаратау ауылының тұрғындары ауылды газдандыру мәселесін көтерді.
Барлық арыздар мен өтініштерді Бауыржан Байбек жеке бақылауына алып, қажетті тапсырмалар берді.
Одан кейін Төрағаның Бірінші орынбасары «Құрылыс Полимер» ЖШС-на барып, облыстағы шағын және орта бизнестің дамуымен танысты. Осы жылдың басында ашылған серіктестікте құрылысқа қажетті қабықшалы, торлы өнімдер, сондай-ақ тежеу плиталары шығарылады.
Саяси ұйымның белсенділерімен өткен кездесуі барысында Б. Байбек алдағы жұмыстың негізгі бағыттары, яғни партияның өңірлердегі жұмысын жетілдіру, қоғамның билікке деген сенімін нығайту, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға бақылау және жастармен жұмысты күшейту жайлы айтты.