«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев Пәкістан ұлттық ассамблеясының мүшесі Шакил Ханам Рашид ханыммен кездесті

АНА. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының Орталық аппаратында партия Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев Пәкістан ұлттық ассамблеясының, Пәкістан халықтық партиясының мүшесі Шакил Ханам Рашид ханыммен кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу барысында тараптар партияаралық ынтымақтастық, сонымен қатар Азиялық саяси партиялар Халықаралық конференциясы Тұрақты комитетінің 11-ші және Бас ассамблеяның 5-ші жиындарының күн тәртібі мәселелерін талқылады. Кездесу соңында Д.Кәлетаев қонаққа арнайы кәдесый тарту етті.

Кездесуден кейін журналистерге сұхбат берген Шакил Ханам Рашид ханым «Астанада өте әдемі адамдар тұрады және де қаланың өзі де көркем, жалпы Қазақстан ғажайып ел. Ал, жиынның күн тәртібі өте тыңғылықты және жақсы құрылған. Менің ойымша, бұл жиыннан белгілі бір басымдық алуға мүмкіндік бар. Еліме оралғаннан кейін партияластарыма  осы жұмыстың қорытындысы бойынша жағымды пікір айтамын», деді.

 

1936 жылы дүниеге келген Шакил Ханам Рашид ханым Панджаб тарих университетін бітірген. Тарих ғылымының докторы, профессор. Пәкістан Ислам Республикасы Үкіметінің білім департаментінде жұмыс тәжірибесі бар. 1996-1998 жылдары Пәкістанның Норвегиядағы елшісі қызметін атқарған. Ол - Пәкістан әйелдер қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары, Білім және қаржы қорғау жөніндегі комитеттің мүшесі.