«Нұр Отан» кәсіпкерлерді қолдайды - БҚО
«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдау алу мәселелерімен «Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні» деген тақырыпта болған бұл шараға банк қызметкерлері, кәсіпкерлікті дамыту институттарының өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының орынбасары Аққали Әубәкіров үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында биыл осымен екінші мәрте акция өткізіліп отырғандығын айтты. Шараның мақсаты - бизнес өкілдері арасында мемлекеттік қолдау бағытында ақпараттық-насихат жұмыстарын жүзеге асыру.
- Биыл «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша облысымызға 1,2 млрд. теңге бөлініп отыр. Оның 800 млн. теңгесі жеке кәсіпкерлікті қолдауға, қалғаны инфрақұрылым салуға бағытталмақшы. Ағымдағы жылы аталмыш бағдарламаға біраз өзгеріс енгізілді. Соның бірі - кепілдіктің жаңа жүйесі. Мәселен, өз ісін жаңа бастап жатқандар енді экпресс-кепілдікті пайдалана алады. Бұрын олар банкке қоятын кепіл заттың елу пайызын өздері тауып, қалғанына мемлекет қолдау жасаса, биыл мемлекеттің қолдауы жетпіс пайызға жетті. Өткен жылдары сервистік қолдау тек бекітілген тізім бойынша жасалса, қазір ол алынып тасталды және оған шағын кәсіпкерлікпен айналысушылармен қатар, орта бизнес өкілдері де қатыса алады. Сондай-ақ кәсіпкерлікті енді қолға алып жатқандарға 3 млн. теңгеге дейін грант бөлінеді. Ол үшін бизнес-жоба жаңашылдығымен ерекшеленуі тиіс, - деді өз сөзінде облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім бастығы Галина Варфоломеева.