“Нұр Отан” мамандарды қайта даярлауға атсалысып отыр

None
ЫЛОРДА. Шілденің 3-і. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - "Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясының кезектен тыс ХІІ съезінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев: "2010 жылдың бірінші қаңтарынан бастап, "Қазақстан-2030" стратегиясының аясында біз индустриялық-инновациялық жедел даму бесжылдығын бастаймыз," - деп атап көрсетті.

 Еліміздегі индустрияландыру үрдісінің әлемдік экономиканың даму ғұрпына сәйкестендірілуінде мамандардың алатын орны ерекше. Әсіресе, төменгі тізбектегі, ауылға жақын білім ордаларындағы іс-қимылдар ертеңгі күннің шешуші баспалдағының рөлін атқармақ.

Осы талап тұрғысында жұмыс жүргізіп келе жатқан Жаңақорғандағы №13 кәсіптік лицейде өткен оқу жылында орта білім беретін негізгі бөлімде 569 оқушы білім алды. Аталмыш оқу орнының техникалық оқу жабдықтары да жоғарғы деңгейде. Онда 21 оқу кабинеті мен оқу шаруашылығы жұмыс істесе, тәрбиеленушілерге 169 орындық асхана, 52 орындық жатақхана, 200 орындық мәжіліс залы, медбикелер, ардагерлер бөлмесі қызмет етеді. Сондай-ақ спорт залы мен алаң оқушылар мен оқытушылардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді.

- Маған Елбасының "Нарықтық экономикадағы өз жолымызды іздеуіміз қажет" деген сөзі үлкен ой салды. Осы орайда жаңаша ізденіс үстіндеміз, - дейді кәсіптік лицей директоры Мадияр Ахметов. Білім ордасы басшысының айтуынша, жылма жыл жүзден астам оқушы 8 мамандық бойынша білім алып, кәсіп иесі атанады.

Олардың көпшілігі өз туған жерінде түрлі салада еңбек етіп жүр. Мәселен, электрмен дәнекерлеуші, электр монтері, құрылысшы мамандықтары зәру кәсіп иелеріне айналып отырғаны жасырын емес. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы маманы - фермер, автомеханик, тігінші, аспазшы, пресс қондырғысының операторлары да нарықтық қатынас кезіндегі сұранысқа ие мамандықтар.

"Жол картасы" іс-қимыл жоспары бойынша мұнда жыл көлемінде дайындықтан және қайта даярлаудан 150 тыңдаушы өтуге тиіс еді. Олардың 25-і тас қалаушы мамандығы бойынша бітіріп шығып, қазір еңбекке араласып кетті. 10 адам №51 орта мектептің, 15-сі балабақшаның жөндеу жұмыстарына қатысуда.

Бүгінде лицейде 75 адам ағаш ұстасы, әрлеуші-сылақшы, газ-электрмен дәнекерлеуші мамандықтарына оқып жатыр. Олардың да жұмыспен қамтылатын уақыты қашық емес.