«Nur Otan»-ның Республикалық сайлауалды штабы Алматының белсенділерімен кездесті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Биліктегі партия өкілдері қоғам белсенділерімен, саясаттанушылармен, сарапшылармен, шағын және орта бизнес пен зиялы қауым өкілдерімен, сондай-ақ жас стартапшылармен, ІТ мамандармен, блогерлермен және вайнерлермен бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы қаласының сарапшылар қауымымен кездесуде азаматтар мен мемлекеттің арасындағы кері байланысты жолға қоюда азаматтық сектордың қатысуы мен рөлін одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.

Партия баспасөз қызметінің мәліметінше, бір апта ішінде «Nur Otan» партиясының сайлауалды штаб мүшелері еліміз бойынша 7 мыңнан астам кездесу өткізіп, ол 650 мыңнан астам сайлаушыны қамтыды. «Есіктен есікке» акциясы барысында жасотандықтар 174 мыңнан астам пәтерді аралады.

Штабтар жанындағы қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 8 мыңнан астам өтініш келіп түссе, оның ішінде 2 мыңнан астам ұсыныс пен талап-тілек тұрғындардан келді. Кандидаттар мен партияның сенімді өкілдері 1,8 мың қабылдау өткізіп, оның барысында барлығы 7,6 мың адамды қабылдады.

Ертең Республикалық сайлауалды штаб Ақмола облысында бірқатар кездесулер өткізеді. Одан әрі 5 күн қатарынан Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының тұрғындарымен кездесулер жоспарланған.