«Nur Otan»-ның сайлауалды штабы Шымкентке келді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - «Nur Otan» партиясының аймақтарға сапары жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін билік партиясының Республикалық сайлауалды штабы Шымкентке келді. Шаһардағы медициналық және әлеуметтік қызметтер сапасын көтеру, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу, оның ішінде жаңадан қосылған аудандарда құрылыс жүргізу мәселелерін талқылау үшін қала тұрғындарымен бірнеше кездесу өткізді.

«Nur Otan» партиясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, алдағы 5 жылда Шымкент қаласында 42 мектеп пен 22 медициналық мекеменің құрылысын қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қала шетіндегі 620 мыңнан астам тұрғын таза ауыз сумен, табиғи газбен және электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Әсіресе, әлеуметтік мұқтаж азаматтарға арналған 3 млн шаршы метр тұрғын үй салуға баса мән беріледі. Ол үшін 3,5 мың пәтер салынады.

Сапар барысында сайлауалды штаб мүшелері қаладағы бірқатар кәсіпорынды аралады. Олардың қатарында «AZALA Textile» мақта-мата комбинатына да барды.

Жаңа жұмыс орындарын ашу, еңбек қауіпсіздігі жағдайын жақсарту, өндірістік жарақат алуды азайту, жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілігін күшейту және тағы басқа мәселелер қарастырылды.

Шымкент сапары барысында нұротандықтар «Jas Otan»-ның белсенді жастарымен де жүздесіп, оларға үгіт-насихат науқанына аянбай атсалысып жатқандары үшін алғыс білдірді.

Сол күні «Nur Otan» өкілдері Қаратау аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығында қала тұрғындарымен ашық әңгімелесті.