«Нұр Отан» партиясы Доктринада айтылған ұлттық құндылықтарды сақтап, өскелең ұрпаққа жеткізуде мазмұнды жұмыс жүргізуде - С. Нұрбек
«Бір кездері Қазақстан халқының 60 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрса, қазір керісінше қалаларға қоныс аудару қарқын алып барады. Яғни, қоғамда урбанизация процесі жүруде. Қаладағы жастар өз ата-бабаларының салт-дәстүрінен, төл мәдениетінен ажырап қалмауы керек. Міне, осы мақсатпен ұлттық спорт ойындарын сақтап, ұмытыңқырап бара жатқан түрлерін уақыт көшіне сай дамытуды қолға алып жатырмыз», - деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Оның айтуынша, алда еліміз үшін өте маңызды бір шара - «ЕХРО-2017» көрмесін өткізу баршамыздан үлкен дайындықты талап етеді. Көрмеге келген қонақтарға қазақ елінің болмысын, бай мәдениетін барша сән-салтанатымен көрсетуіміз қажет.
«Осы тұрғыдан, «Нұр Отан» партиясы Ұлттық спорт қауымдастығына ұлттық спорт ойындары дамытуға көмек көрсетуге дайын. Партия Доктринада айтылған ұлттық құндылықтарды сақтап, өскелең ұрпаққа жеткізуде мазмұнды жұмыс жүргізуде», - деді Саясат Нұрбек.