«Нұр Отан» партиясы Орал қалалық филиалының басшысы болып қала әкімі С.Оразов сайланды - БҚО
Жиында есепті кезеңде партияның сапалық құрамына баса мән берілгені, 7 мыңдай «нұротандықтың» қаланың қоғамдық-саяси өміріне бұдан былай да белсене араласа беретіні айтылды. Партияның 2020 жылға дейінгі жаңа бағдарламасының жобасы да қызу талқыланды.
Сөз алған делегаттар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі халықтық бастаманы қолдайтындықтарын білдірді.
Конференцияға облыс әкімі, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысып, сөз сөйледі. «Бүгінгі таңда біз елді дамытудың жаңа стратегиялық жоспарын, индустриялды-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруға кірістік. Бұл - маңызды ұлттық міндет. «Нұр Отан» партиясы - үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасының ерекшеліктерін түсіндірудің басты «үдеткіші» және Қазақстанда бәсекеге қабілетті жоғары технологиялық өндірісті қалыптастыру туралы мемлекет басшысының идеяларын негізгі алып жүрушісі», деді облыс басшысы.
2010 жылы облыс партия ұйымдары 1 мыңнан астам шара өткізіп, 500 мыңнан астам адамды қамтыды. Өңірде партияның халықтық тұғырнамасы, әсіресе, әлеуметтік салада жемісті жүзеге асырылуда.
Қазіргі кезде облыста 319 ұйымда 29013 партия мүшесі бар. 2009-2010 жылдары партия қатары 1633 адамға көбейді.
Қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысына да ерекше көңіл бөлініп келеді. Мәселен, 2010 жылы азаматтардың 700-ден астам өтініші түсіп, қаралды.
Конференцияда «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалының төрағасы болып қала әкімі Самиғолла Оразов сайланды. Осы қызметті тоғыз жыл бойы атқарған Александр Наугольновқа облыс әкімінің алғысхаты табыс етілді.