«Нұр Отан» партиясы саяси көшбасшылық негізінде қандай міндеттерді орындауы керек - сарапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеу бөлімінің жетекшісі Алуа Жолдыбалина «Нұр Отан» партиясы саяси көшбасшылық негізінде қандай міндеттерді орындауы керектігін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2013 жылдың 18 қазанында өткен «Нұр Отан» ХДП партиясының XV съезі партияның дамуының жаңа кезеңін, сонымен бірге «Нұр Отан» партиясының тарихи, жетекші рөлі мен саяси маңызын айқындап берген айтулы оқиға болды. Аталған съезде Мемлекет басшысы саяси жоспарлау мен менеджменттің, саяси бірлік пен интеграцияның жаңа партиялық моделінің негізін қалаған ұзақмерзімді саяси-партиялық көшбасшылықтың жаңа тұжырымын қалады», - дейді сарапшы.

Алуа Жолдыбалинаның айтуынша, партия алдында әрдайым міндет қоя отырып, Президент саяси партияның күші халықпен және қоғаммен жұмыс істеудің жаңа форматын іздеп қана қоймай, партияластардың кәсібилігі мен көшбасшылығын өсіруге талпыну керектігі жайлы тапсырма берген.

«Президенттің көшбасшылық концепциясы партия жұмысының алдағы тірегі мен негізі болды. Партияның ұзақмерзімді саяси көшбасшылығының мәні неде? Партия ұзақмерзімді саяси көшбасшылық негізінде келесі міндеттерді орындауы тиіс: біріншіден, патриоттық күштердің бастаушысы, жаңа қазақстандық патриотизмнің құрушы ортасы бола білуі керек. Екіншіден, жалпыұлттық бірліктің орталық түйіні бола отырып, аймақаралық байланысты нығайта білуі тиіс. Үшіншіден, азаматтық қоғамның көшбасшысы бола отырып, барлық патриоттық ҮЕҰ мүдделерінің бастаушысы әрі серіктесі болуы керек», - дейді ол.

Сарапшының айтуынша, партия төртіншіден, жалпыұлттық инновацияның экономикалық және әлеуметтік орталығы ретінде мемлекет пен қоғамды инновациялық идеялармен азықтандыра білуі қажет. Бесіншіден, жалпыұлттық бақылаудың басты құралы ретінде партия жанындағы консультативті органдардың жұмысын жетілдіріп, Фракцияның жұмысын Мәжілісте күшейтіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз стратегияны жүзеге асыра білуі тиіс. Алтыншыдан, жастармен жұмысты күшейтіп, белсенді түрде мемлекеттік жастар саясатын іске асырып, партияның бағытын жастар қолдайтындай жұмыс жүргізумен бірге «Стратегия-2050»-ді жүзеге асыруда оларды тарта білді. Жетіншіден, мемлекеттің басты ішкі саяси құндылықтарын алға жылжытып, қорғап, үйлесімді әрі қауіпсіз, көпполярлы және толерантты әлем үшін үн қосуы тиіс.

«Жалпы, Президент партияластарына көшбасшылық концепциясы арқылы жұмыстың басты басымдықтарын, жаңа міндеттер мен партия жұмысының тың форматын айқындап берді», - дейді сарапшы.