«Nur Otan» партиясы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Nur Otan» партиясы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын ресми түрде бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат партияның сайтына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабы құрылды. Оған 190 мыңға жуық адам еніп, кандидаттың сенімді өкілі ретінде 19,5 мың адам тіркелді. Олардың құрамында табысты кәсіпкерлер, отандық эстрада және кино жұлдыздары, шығармашылық интеллигенция өкілдері, елімізге белгілі спортшылар мен мемлекет және қоғам қайраткерлері енді.

Ағымдағы сайлау науқанының жаңалығы ретінде алғаш рет қоғамдық штабтың «TEAMQAZAQSTAN» жастар қанатының құрылғандығын айтуға болады.

Бүгінде еліміз бойынша 227 қоғамдық штаб құрылды. Оның 17-сі - облыстық, 37-сі - қалалық және 173-і аудандық деңгейде жұмыс істейді. Аймақтық және аумақтық штабтардың құрамына 5766 адам енсе, оның 1267-сі жастар қанатының өкілдері.

Еске сала кетейік, бүгін кешкі сағат 18:00-ден кейін Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы алдындағы үгіт-насихат шаралары басталды.