«Нұр Отан» партиясы ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған отырыс өткізді
12:15, 23 Қаңтар 2009
АСТАНА. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін «Нұр Отан» халықтық - демократиялық партиясының Орталық аппаратында аталмыш партия өкілдерінің ұйымдастыруымен «Нұр Отан» партиясының халықтық платформасы және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру» атты тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Жиынға партия өкілдерімен қатар Парламент депутаттары, мемлекеттік мекеме басшылары мен ғалымдар қатысты. Басқосуда «Нұр Отан» партиясының ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және осы бағытта Елбасының партия алдына қойып отырған міндеттеріне байланысты мәселелер талқыға салынды. Мәжіліс депутаттары арнайы баяндамалар жасады. Сонымен қатар олар әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында елде атқарылуы тиіс өзекті мәселелер төңірегінде де сөз қозғады. «Нұр Отан» халықтық -демократиялық партиясының Парламентаризм институтының директоры Жанаргүл Құсманғалиеваның айтуынша, Қазақстан Президентінің «Қазақстан - 2030» бағдарламасы елімізді жаңа белестерге көтеруге бағытталған құжат. Бүгінде ол сәтті жүзеге асырылып келеді. Мұндағы мәселелер «Нұр Отан» партиясының халықтық платформасында да көрсетілген. Ол қоғам мен адамның өміріне қатысты барлық жайттарды қамтитын бағдарлама. Онда еліміздің бәсекеге қабілеттілік мүмкіндігін арттырып, мемлекеттігімізді нығайтуды көздейтін ауқымды шаралар қамтылған. «Ал әлемдік экономика дағдарысы біздің өмір сүру мүмкіндігімізді, мемлекетіміздің бірлігі мен ынтымағын сынағысы келетіндей. Мұндай жағдайда бізге күш біріктіріп, қоғамның бірлігіне сызат түсірмеуге тырысуымыз қажет. Бізде мемлекеттігімізді нығайтуға барлық мүмкіндіктер жасалған. Соңғы жылдары осы мүмкіндіктердің арқасында тұрақты даму, ұдайы жаңарып, жетіліп отыру сияқты жағымды құбылыстарға үйрене бастадық. Ол әрине жақсы үдеріс. Дегенмен бізге бүгін осы жағдайды қаз-қалпында сақтап қалу үшін біршама күш салу керек болып отыр. Бұл ретте біз тек дағдарыстан аман өту қажет деген қағиданы ғана ұстанып қоймай, бүгінгі қиындықтан нәтиже шығара отырып, бұрынғыдан да мықты елге айналуға тиіспіз», - деді институт директоры.