15:07, 04 Мамыр 2009
«Нұр Отан» партиясы ұжымдасу құбылысын қолдайды - Д. Кәлетаев
АСТАНА. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -«Нұр Отан» партиясы ұжымдасу құбылысын қолдайды. Бүгін «Нұр Отан» ХДП идеологиялық активінің республикалық кеңесінде «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бізге ұжымдасудың табиғи тамыры ғасырлармен ұштасып жатқандығы, қазақ даласындағы шаруашылық ісін жүргізу тек бірлесе отырып, жариялы түрде жүргізгенде нәтижелі болғандығы мәлім. Біз, нарық жағдайында ұжымдасудың қазіргі заманға лайық орын алатынына, Жапониядағы секілді корпоративті бағытта болатынына және нарықтық даралануға бейімделетініне сенім білдіреміз», деді Д. Кәлетаев.
Оның айтуынша, партияның саяси тәжірибесіне сәйкес қоғамдық дәстүрлерді кешенді либералды экономикалық идеялармен ұштастыруға мүмкіндік мол болып отыр. «Біз өзіміздің либералдық реформалардың нәтижесін сақтап қалып, оны ұлттық мүдделерден алшақтатпауға тырысамыз. Яғни, рухани құндылықтарды сақтау, халықтың мәдени мұрасын дамыту үшін еркін экономикалық жағдайлар қалыптаса түседі. Проблемалы жағдайларға бұндай икемді сындарлы немесе либералды қадам жасау партияға реформалық қиындықтарды жеңіп шығуға мүмкіндік берді», деді Д. Кәлетаев. Оның айтуынша, «Нұр Отан» партиясының басты идеологиясына сәйкес азаматтардың бостандығы, игілігі мен рухани дамуы басқа мақсаттардан да жоғары қойылып отыр.