«Нұр Отан» партиясында білім саласының басты проблемасы айтылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өңірлер мен қалаларда білім берудің әртүрлі сапасы біздегі білімнің ең басты проблемаларының бірі болып отыр. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының Стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Юлия Кучинская мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде білім беру саласындағы ең үлкен проблемаға тоқталсақ, оның деңгейі өңірлерде бірдей емес, сапа жағынан әртүрлі болып тұр. Егер де ауылды жерлерде балаларды оқыту мен қаладағы білім беру деңгейінде айырмашылық қалыптасса, онда бәсекеге қабілетті ұлт туралы айту қиын болады», - деді Ю. Кучинская «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі қарсаңында білім саласына арналған панельдік сессия кезінде тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Оның пайымынша, аталған проблеманы шешу бағытында цифрлық технологиялардың үлесін арттыру керек.

«Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, кадр жетіспеушілігі байқалса және білім алатын нысандар алыста орналасса, онда тек цифрлық технология және онлайн білім беру, сондай-ақ қашықтықтан оқыту есебінен адамдардың мүмкіндіктерін арттыруға болады. Осы орайда сапалы білім алғысы келетіндерге қолайлы жағдай жасауға назар аударған жөн», - деді Ю. Кучинская.

Айта кетейік, панельдік сессияға орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары, өңірлерден шақыртылған мамандар келді.