«Нұр Отан» партиясының филиалы Саяси кеңес құрамын бекітті - Қостанай

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының XХV есеп беру конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Басқосуда облыстық партия ұйымы активінің 2017-2018 жылдары атқарған жұмыстары баян етілді. Сондай-ақ, өңірдегі цифрландыру бағытында қолға алынған жобалар жайында айтылды.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов осы жылы партия филиалдарының өкілеттік мерзімдерінің аяқталуына байланысты құрылымдық бөлімшелерде есеп беру-сайлау кампанияларының өткеніне тоқталды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисимбаев 2 жылда атқарылған істерге есеп берді.

«Өткен 2 жылда тегін IT-сыныптарды ашу, IT-мамандарды даярлау, геоақпараттық онлайн қызмет, «English for jastar» сияқты жаңа жобалар іске асырылды. Мысалы, партия жобасы аясында Жітіқара ауданындағы № 3 орта мектепте ашылған IT-сыныпқа бірінші күннен бастап 25 бала оқуға келсе, бүгінде олардың саны 72-ге жетті. IT-мамандарды даярлау шеңберінде Қостанай қаласындағы жоғары политехникалық және индустриалдық-педагогикалық колледждер базаларында екі IT-орталық ашылды. Қостанай жоғары политехникалық колледжінде мобильдік қосымша, web-парақтар, жоғары деңгейдегі бағдарлама тілдерін қолданатын интернет сайттар, ақпараттық қауіпсіздік бойынша 3-6 айлық қысқамерзімді білім беру бағдарламалары іске асырылады. Біздің алдымызда енді осы қарқынды төмендетпей, заманауи құрылғылармен жабдықталған IT-сыныптарын ашуды жалғастыру мақсаты тұр», - деді Ж. Бисимбаев өз сөзінде.
 

Айта кетсек, бұған дейін Қостанайда IT-технология мектебі ашылатынын хабарлаған болатынбыз. https://kaz.inform.kz/news/kostanayda-it-tehnologiya-mektebi-ashylmak_a3124243 Қыркүйек айында Аманкелді, Денисов, Жанкелдин, Сарыкөл, Таран, Федоров аудандарында IT-сыныптар пайдалануға берілді. Жаңабай Бисимбаев айтқандай, Қостанай индустриалдық-педагогикалық колледжі базасындағы  IT-компетенциясы орталығында 3D-модельдеу, IT-технология және робот техникасы оқу кабинеттерін сатып алуға 35 млн теңге бөлінді.

Қостанайлықтар «English for jastar» жобасының игілігін көруде. Бұл бастама ауыл жастарының ағылшын тілін үйренуіне арналған. Жобаны іске асыруға 11 ерікті тартылды. Оның ішінде облыстың үш жоғары оқу орнынан 9 студент және Жітіқара политехникалық колледжінен бір оқытушы бар, сонымен қатар ағылшын тілін жетік меңгерген ерікті Мұхаммад Фарук Ан-сари Пәкістаннан арнайы келді.

Конференция барысында облыстық партия филиалы Саяси кеңесінің құрамы бекітіліп, делегаттардың қатысуымен оның алғашқы отырысы өтті. Іс-шара соңында облыс әкімі А.Мұхамбетов белсенді қызметі мен ерен еңбегі үшін бірқатар партия мүшелерін алғыс хаттармен марапаттап, жұмыстарына табыс тіледі.