«Нұр Отан» партиясының өкілдері құзырлы органдармен жемқорлық мәселесін талқылады
12:17, 30 Қаңтар 2009
АСТАНА. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астанада «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының Орталық аппаратында «Нұр Отан» партиясының жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестердің тиімділігін арттыру және олардың мемлекеттік органдармен бірлесіп қызмет етуі» атты тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Отырысқа Парламент депутаттары, Бас прокуратура мен Жоғарғы соттың, Ішкі істер және Қаржы министрлігінің, сондай-ақ Экономикалық қылмыстармен және сыбайлас жемқорлық әрекеттерімен күрес агенттігінң өкілдері қатысты. Мәжіліс барысында олар елдегі жемқорлыққа байланысты қалыптасқан жағдай, онымен күрестің тиімділігі сияқты мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасты. «Нұр Отан» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Оралбай Әбдікәрімовтың айтуынша, өткен 2008 жыл партия үшін әлемде қалыптасқан жағдайға қарамастан сәтті жыл болды. «Бұл жылы «Нұр Отан» партиясының қоғамдық кеңестері жұмысын бастап, біршама халықтың сеніміне ие болды. Бұған қоса, біз еліміздегі көптеген ықпалды органдармен жемқорлықпен күреске байланысты меморандумдарға қол қойдық, сонымен қатар біз жемқорлық саласында арнайы мониторингтік және әлеуметтік сараптамалар мен зерттеулер негізінде де көптеген жұмыстар атқардық. Ал атқарылған істердің барлығы да ақпарат құралдарында кеңінен көрініс тапты» деді қоғамдық кеңес төрағасы. Оның пайымдауынша, еліміздегі мемлекеттік органдар әлі күнге дейін қоғаммен толық байланысқа бара алмай отыр. Сонымен қатар олардың жұмыстарында жариялылық, ашықтық мәселесіне байланысты кемшіліктер әлі де баршылық.