«Нұр Отан» партиясының «Тілге құрмет - елге құрмет» атты дәстүрлі республикалық байқауы басталды
Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты басшысының орынбасары Мұхтар Ерман хабарлады. «Аталмыш байқау Қазақстан халықтарының тілдері күні қарсаңында жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл байқау мемлекеттік тілді оқыту сапасы мен деңгейін көтеру, сондай-ақ азаматтардың шығармашылық белсенділігін арттыру бағытында өз септігін тигізіп келеді. Осы байқау бастау алғаннан бері қатысушылардың саны жыл санап артуда. Мысалы, 2010 жылы байқауға қатысуға 200-ге жуық адам өтініш білдірсе, өткен жылы оның саны 300-ге жуықтады», - деп атап өтті ол.
Байқаудың негізгі мақсаты мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативтік қызметтерін дамыту және нығайту оның қолданылу аясын кеңейту, қоғамдағы оның біріктіруші рөлін насихаттау, сонымен қатар мемлекеттік тілді оқыту сапасы мен деңгейін көтеру, мемлекеттік тілді дамыту проблемасына қалың көпшілік назарын аударту және азаматтардың шығармашылық белсенділігін арттыру.
Байқау негізгі бес аталым бойынша өтеді. Олар:
1. «Мемлекеттік тілді қолдауға және насихаттауға үлес қосқан ең үздік ұйым»
2. «Қазақ тіліндегі БАҚ-да мемлекеттік тілді тарату және насихаттауға арналған ең үздік мақала, телебағдарлама»
3. «Орыс тіліндегі БАҚ-да мемлекеттік тілді тарату және насихаттауға арналған ең үздік мақала, телебағдарлама»
4. «Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі ең үздік жоба»
5. «Мемлекеттік тілдегі ең үздік интернет-жоба» номинациясы.
Аталған аталымдардың әрқайсысы дәрежесіне қарай 1, 2, 3 жүлделі орындарға бөлінеді. Байқауға қатысушылардың материалдарын қабылдау 26 шілде мен 30 тамыз айлары аралығында жүргізіледі. Байқау комиссиясы келіп түскен материалдарды 1-15 қыркүйек аралығында қарастырып, 20 қыркүйектен кешіктірмей қорытындысын шығарады.
Байқауға қатысушылардың материалдарын қабылдауды партияның аймақтық (облыстық, қалалық) филиалдары қамтамасыз етеді. Ұсынылатын материалдар көрсетілген мерзімінен кешіктірілген жағдайда, ол материалдар Комиссия қарауына жіберілмейтіндігін қосымша хабарлайды.