«Нұр Отан» партиясының жанынан ҮЕҰ-мен байланыс кеңесі құрылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы «Кедергісіз болашақ» жобасының аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға көп көңіл бөлуде. Бұл туралы Алматыға жұмыс сапары барысында партияның бірінші орынасары Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Милосердие» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің мәжілісінде Мәулен Әшімбаев «Нұр Отан» партиясының жанынан үкіметтік емес ұйымдармен байланыс кеңесі құрылатынын айтты.

«Өткен жылы қор өкілдері көптеген шараларды атқарды. Жүздеген бала ем алды. Ол балалардың барлығы дені сау азамат болып өсетініне мен сенімдімін. Қор қызметкерлерінің арқасында балалар ата-аналарымен алғаш рет жүздесті. Қаншама бала отбасына барды. Осының барлығын адамадар жасады. Мен оларды мақтан етемін. Қор біздің қоғамымызды аз да болса мейірімді етуге ықпал етті. Қайырымдылық көрсететін азаматтар саны артты. Біздің әріптестер бүгінгі айтылған өтініштердің барлығы бойынша шара қолдануға ықпал етеді»,-деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар партия төрағасының бірінші орынбасары партия өкілдерінің мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созып, оларды жұмысқа орналастыру, инклюзивті білім беруге күш салатынан айтты.