СҚО-да «Nur Otan» партиясы праймеризінің бірінші кезеңінің қорытындысы туралы партияның облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметова брифингте айтып берді.
Өңірде 645 үміткер тіркелсе, соның 12,7% немесе 82 азамат – ҚР Парламенті Мәжілісіне, 20,5% немесе 132 азамат – облыстық мәслихатқа, 90,4% немесе 585 азамат қалалық және аудандық деңгейдегі депутаттыққа кандидат. Айта кетейік, олардың кейбірі өз кандидатурасын Мәжіліске де, мәслихаттарға да ұсынып отыр.
Праймеризге қатысуға ниеттенгендердің басым бөлігі – 114 адам Петропавл тұрғыны болса, 51 үміткер Мағжан Жұмабаев ауданынан тіркелді.
«Бір депутаттық орынға ең көп үміткер – 6 адам Петропавл қаласында тіркелді. М. Жұмабаев ауданында 4 адам, қалған 12 ауданда 3 адамнан бір орынға таласпақ. Өзін-өзі ұсынғандар көп, бұл – барлық үміткерлердің 67%. Бастауыш партия ұйымдарынан екі жүзден астам кандидат ұсынылды», - дейді Әсем Рахметова.
Әйелдер мен жастар бұл жолы жоғары белсенділік танытты. Үміткерлердің 40% - әйел, ал 26,4% - 35 жасқа дейінгі жастар. Ең жас үміткер 19 жаста. Үміткерлердің ең жасы үлкені – 72 жаста, екеуі де Петропавл тұрғындары.
Үміткерлердің жартысына жуығы – білім және ғылым саласының өкілдері. Праймеризге қатысуға ниеттенгендердің қатарында танымал тұлғалар да бар, олар – үш қарғып секіруден ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ирина Эктова, «Бүкілқазақстандық Кекушинкай Карате ұйымы» РҚБ СҚОФ директоры Владимир Витченко, «Зенченко және компания» КС Бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко.
Депутат болуға өңірден 11 көпбалалы ана, 5 мүмкіндігі шектеулі азамат ниет білдірді, олардың ішінде көрнекті қоғам қайраткерлері Сәлімхан Сәбитов пен Владимир Эрман бар.
«Праймеризді өткізудің барлық кезеңінде партиялық бақылау комиссиясы жұмыс істейтінін атап өткім келеді, оның міндетіне праймериздердің барлық ережелерінің сақталуын бақылау кіреді. Яғни үгіт-насихат жұмыстарының және дауыс беру барысын қадағалайды», - дейді Әсем Рахметова.