Nur Otan сайлауалды штабы Түркістанға келді

ТҮКІСТАН. «Nur Otan» партиясының Республикалық сайлауалды штабы Түркістан облысына келді. 60-қа жуық партия белсендісі, қоғамдық пікір көшбасшылары мен партиялық тізімдердегі кандидаттар өңір аумағының жартысынан астамын қамти отырып, бірнеше кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның ішінде аграршылармен, мұғалімдермен, дәрігерлермен, ерекше қажеттіліктері бар адамдармен және басқа да азаматтармен жүздесті.

Көпбалалы аналармен кездесу барысында әйелдерді әлеуметтік қолдау шаралары талқыланды. Нұротандықтар басқосуда көтерілген мәселелерді тыңдап, бақылауға алды.

Кентау қаласында тұрғындармен кездесуде ауылдарды газдандыру, ауыз суға қолжетімділікті қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандар салу және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері көтерілді.

Сонымен қатар, Түркістан облысының зиялыларымен кездесуде мемлекеттік тіл мен ұлттық мәдениетті ары қарай дамыту жайы әңгіме арқауына айналды.