Мәжіліс кезінде қоғамдық ұйымдардың өкілдері өз жобаларын таныстырып, ел ішіндегі өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, жаңадан құрылған кеңестің негізгі мақсаты - осы саладағы жұмысты үлестіріп, нақты жобаларды анықтау.
«Біз партия жанынан үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңесті құрып отырмыз. Бұл - жаңа құрылым. Бүгін біз аталған кеңестің жұмыс тәртібін талқылау үшін жиналып отырмыз. Кеңеске кім кіреді? Олар қалай әрекет жасайды? Соның бәрін пысықтауымыз қажет. Жаңа кеңес нақты жобаларды, нақты бастамаларды талқылайтын алаңға айналуы тиіс. Барлық жұмыс ашық әрі әділ жүргізіледі. Соған уәде етеміз», - деді М.Әшімбаев бүгінгі кеңес отырысында.
Кеңесте «Нұр Отан» партиясы мен ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі өзара ынтымақтастық жөніндегі жол картасын бекітті. Ал министр Дарxан Кәлетаев үкіметтік емес ұйымдарды өз алаңына шақыруды ұмытпады.
«Биыл біз VIII Азаматтық форумды өткіземіз. Аталған шара жаңа форматта ұйымдастырылады. Оған Мемлекет басшысы да қатысады. Қараша айына дейін уақыт бар. Дәл сол форумда біз атқарылған жұмысты пысықтап, алдағы жоспарымызды жан-жақты талқылай аламыз. Сосын 21-22 маусым күндері Алматы облысында үшжақты әріптестікке арналған «Асар» атты республикалық форумды өткіземіз. Сол жерде барлық мәселелерді алдын ала талқылап алуға болады. Барлық үкіметтік емес ұйымдарды осы шараға шақырамын», - деді Д.Кәлетаев.
Айта кетейік, кеңес отырысы кезінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партияның негізгі міндетіне тоқталды.
Ал ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дарxан Кәлетаев қоғамдық ұйымдарды қайта тіркеуден өткізуді ұсынды.