Алматы облысы, Талғар ауданы, «Ақбұлақ» спорттық сауықтыру кешенінде балалар үшін атқа міну және шөген спорты бойынша шеберлік сабақтар, сондай-ақ ойын-сауық пен табиғат аясында тамаша демалыс ұйымдастырылды. Дәмді дастарханнан дәм татқан балаларға спорттық киімдер жиынтығы мен естелік сыйлықтар таратылды.
«Astana Polo Club» клубы "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен «Нұр» қайырымдылық отбасылық балалар үйіне арнап қайырымдылық іс-шаралар өткізуді дәстүрге айналдырмақ», - дейді «Astana Polo Club» атқарушы директоры Айдын Жакежанов.
Естеріңізге сала кетсек, «Astana Polo Club» командасы 2016 жылы Аргентинаның Лухан қаласында өткен халықаралық турнирден I орынмен оралған болатын. Сондай-ақ, 2017 жылы Аргентинадағы «Santa Catalina Summer Cup» және «Torneo Summer Polo Match» халықаралық турнирлерде біздің командалар шетелдік шөгеншілерді басып озып, I орыннан көрінді. Биыл өз елімізде өткен «Almaty Snow Polo Cup» халықаралық додада да - I орын бұйырды.
Айта кететін жайт, бұл күндері «Astana Polo Club» командасы «Munich Gold Cup 2017» (Мюнхен, Германия, 25-28 мамыр аралығы) халықаралық турнирінде Қазақстанның намысын қорғап жатыр.
«Нұр» қайырымдылық отбасылық үйі 1998 жылы құрылған. Бүгінде 70-ке жуық баланы тәрбиелейді. Ұядан ұшқан балалардың орнын жас сәбилер басады. Оның өзге балалар үйінен айырмашылығы мұндағы тәрбиеленушілер жанұя жылуын сезініп өседі. Алайда «Нұр» отбасылық балалар үйі зейнеткерлер - Әнуарбек Байсарин мен Тұяқ Есқожинаның жеке бастамалары болғандықтан, демеушілердің көмегін қажет етеді.