Нұр-Сұлтан әкімдігі мен Корея ЖОО түлектері тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы Корея Республикасының елшілігі, KOICA Корей жоғары оқу орындарының қазақстандық түлектері қауымдастығы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі және Қазақстанның джентльмендер клубы COVID-19 салдарынан экономикалық қиындыққа тап болған отбасыларға азық-түлік себеттерін берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Корея Республикасының елшілігіне сілтеме жасап.

«23 желтоқсан күні Кореяның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хонг-Сок пандемия салдарынан экономикалық қиындыққа тап болған отбасына барды және қайырымдылық көмекті тапсырды. Бүгінгі шара аясында 25 мың теңгеге жуықтайтын азық-түлік себетін 35 отбасы алады», - деп хабарлады елшілік.

Осы жылдың басында Қазақстандағы KOICA түлектер қауымдастығы Павлодар қаласының бастауыш мектептері мен Қазақстанның санитарлық дәрігерлер мен эпидемиологтар қауымдастығына жалпы сомасы 9,300 АҚШ доллары болатын санитарлық-гигиеналық бұйымдарды берген еді.

12 желтоқсанда Корея Республикасының Үкіметі Қазақстанға 375 000 доллар болатын гуманитарлық көмек жіберген еді. Онда COVID-19 шалдыққан пациенттерге 72 оттегі концентраторы, 50 монитор және 111 000 дана FFP2 стандартты респираторлық қорғаныс маска жеткізілді.