Нұр-Сұлтан білім басқармасының бастығы Шәкәрім Сейсенбай қызметінен кетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының бастығы Шәкәрім Сейсенбай қызметінен кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында басқарма бастығы өзінің Facebook парақшасында мәлім етті.

«Күні кеше басқармадағы қызметімді аяқтадым. Бірінші кезекте осы лауазымды ұсынып, сенім артқан, мемлекеттік қызметте өзімді сынап көруге мүмкіндік берген қала басшысына ризашылығымды білдіремін. Сегіз айға созылған қызметімде біраз ауыз толтырып айтарлықтай істер атқарылды... Мектеп пен бүкіл қаланың білім саласын басқарған тәжірибемізбен алға қара жылжи береміз. Осы аралықта мектептегі балалардың игілігі, сапалы білім мен оқушы мен оқытушыға қолайлы жағдай жасаудың маңызы жөнінде бірқатар салмақты ой-идеялар келді. Сондықтан жаңа жоба өзіндік тәжірибемді таратуға бағытталады. Бұл орайда аталған жобада әр баланың даму потенциалына ерекше мән берілетінін айта кетейін», - деп жазды Шәкәрім Сейсенбай.

Еске сала кетейік, Шәкәрім Сейсенбай бұл қызметке ақпан айында ғана тағайындалған болатын.

Бұған дейін ол 26 жасында қаладағы №54 мектеп-лицейді басқарып, еліміздегі ең жас директор атанған болатын.