Нұр-Сұлтан халқының 37%-інде ғана коронавирусқа қарсы иммунитет бар

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов ұжымдық иммунитетке қол жеткізу туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаламызда 1 млн 200 мыңнан астам адам тұрады. Соның ішінде әзірге 37%-і вакцина алып үлгерді. Яғни қазіргі таңда Нұр-Сұлтан халқының 37%-інде иммунитет бар. Жалпы ұжымдық иммунитет тұрақты болу үшін бұл көрсеткіш 60%-дан жоғары болу және соған жетуіміз керек. Сол үшін жұмыс істеп жатырмыз», - деді Т. Мұратов №71 мектеп-лицейде тілшілерге берген сұхбатында.

Маманның айтуынша, елордада соңғы 1 айдағы эпидемиологиялық жағдай денсаулық сақтау жүйесінде де, стационарларда да тұрақты.

«Бүгінде 450-ден артық науқас стационарда жатыр. 1500-ге жуық науқас амбулаториялық ем қабылдауда. Жедел жәрдемге түсетін ковид бойынша жүктеме бұрынғыдан артық емес. Бұрын қыркүйек-қазан айларында шілде-тамызбен салыстырғанда індет төмендесе, қазіргі күні төменгі шегіне жетіп, қазір тұрақты түрде тұр», - деді Т. Мұратов.

Айта кетейік, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният пен Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова және елордалық денсаулық сақтау басқармасы балалар вакцинациясын бақылау үшін елордалық №71 мектеп-лицейге барды.

Қазақстанда 3300 бала Pfizer вакцинасын салдырды және ешқайсысынан қатты жанама әсер байқалған жоқ.

Қазіргі уақытта елордада күн сайын Pfizer вакцинасының 500 дозасы салынып жатыр.