НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласындағы «Шапағат» базарында өрт шығып, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тілсіз жаумен арпалысып жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Бүгін 22:30-да Нұр-Сұлтан қаласының өрт сөндіру бөлімдерінің мамандары Сарыарқа ауданы, Бөгенбай батыр 69 мекенжайы, Шапағат базарына шақыртуға аттанды. Бара салысымен шатырдың және сыртқы жабынды қабаттың өртеніп жатқаны анықталды. Қазіргі сәтте өрт сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр» делінген қалалық ТЖД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Мәліметке сай, оқиға орнында шұғыл өрт сөндіру штабы құрылған. Құрбан болғандар мен жапа шеккен ешкім жоқ. Өртті Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД-ға қарасты 8 техника мен 32 маман сөндіріп жатыр.
Ербол Жанат
ЕҰУ-да журналистика мамандығы бойынша бакалавриатты және магистратураны тәмамдаған. Стамбул мемлекеттік университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен. «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында, "Астана ақшамы" газетінде тілші болған. 2014 жылдан бері Kazinform ХАА-да шығарушы редактор қызметін атқарып келеді.