Нұр-Сұлтан коронавирус бойынша «сары» аймаққа оралуы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 15 желтоқсаннан бастап елорда эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес жасыл аймақта орналасқан. Алайда, бүгінгі күні коронавирус инфекциясының даму қарқыны бойынша Нұр-Сұлтан қаласында RT репродуктивті саны -0,993 құрайды.

Яғни 1,0-ге өте жақын, одан асып кеткен жағдайда қала «сары» аймаққа көшеді. RT репродуктивті саны аймақтарды анықтау критерийлерінің бірі болып табылады.

Апталық ауырғандар көрсеткішін салыстыра отырып, аурудың өсуі байқалады, сол себептен Rt саны да өсуде. Мысалы, 17 желтоқсанда -532 жағдай , 18 желтоқсанда -536, 19 желтоқсанда -521, 20 желтоқсанда-545 және 21 желтоқсанда аптасына 552 жағдай тіркелген. Елорда 7 күн бойы «жасыл» аймақта болғаннан кейін қосымша жеңілдіктер енгізілуі керек еді.

Алайда, мерекеден кейінгі тұрақсыз жағдайды ескере отырып, эпидемиологиялық жағдайды тағы бірнеше күн бақылау жоспарланып отыр. Егер коронавирус инфекциясы бойынша тұрғындардың шағымдары көбеймесе, онда сәйкесінше жеңілдетулер енгізіледі.

«Нұр-Сұлтан қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бұрынғыдай маска режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтауға, жаппай іс-шараларға қатыспауға шақырады. Барынша жұмыла атқарылған іс пен әрекет індеттің алдын-алуға жеткізеді. Аурудың ауыр ағымының қаупін тек вакцинация және ревакцинация азайтады. Бүгінгі таңда одан өзге сенімді қорғаныс жоқ!»,-делінген Нұр-Сұлтан қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті таратқан хабарламада.