Нұр-Сұлтан полицейлері өрттен 3 айлық бала мен қарт адамды құтқарды

НҰР-СҰЛТАН.ҚазАқпарат - Патрульдік полиция полкінің инспекторлары - аға лейтенант Ерсұлтан Сарыбаев пен Нұржан Жантаев Жеңіс даңғылында патрульдеу кезінде екінші қабаттағы пәтерден қою түтін шыққанын байқаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицейлер өрт сөндіру бригадасын шақырып, уақыт жоғалтпай, подъезге жүгіріп кірген. Ащы түтін подъезді алып кетіп, жоғарғы қабаттарға жеткен. Тәртіп сақшылары тұрғындарды жедел көшіре бастаған. Осы уақытта олар жоғарғы қабаттан бір әйелдің көмек сұрап айқайлағанын естіген. Оның 3 айлық баласы тұншығып, демала алмай қалған. Полицейлер еш ойланбастан көмекке ұмтылады.

Ерсұлтан Сарыбаев түтінге оранған пәтердегі баланы таза ауамен дем алуы үшін ашық тұрған балконға апарған, содан кейін дымқыл жамылғыға орап, көшеге шығарған. Төртінші қабатта 67 жастағы қария тұрады дегенді естіп, полицей ер адамды арқалап көшеге шығарды.

Патрульдік полиция полкі қызметкерлерінің қырағылығы мен жедел іс-әрекеттерінің арқасында құтқарушылар келгенге дейін қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды.

«Егер полиция қызметкерлері болмаса, жағдайдың қалай болары белгісіз еді», - деп еске алады тұрғындар.

Полицейлермен әңгіме барысында жаңа туған баланың анасы мен құтқарылған қарттың қызы елордалық полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденовке алғыс білдірді.

Полиция қызметкерлері «Біздің жұмыс – адамдарға көмектесу» - дейді.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің басшылығы адамдарды құтқаруға көмек көрсеткен полиция қызметкерлерін марапаттады.