Нұр-Сұлтан полициясы: Мақсат – карантин талабын бұзғандарды жазалау емес, алдын алу

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілік полиция басқармасының бастығы Елжан Чупеков төтенше жағдай мен карантин кезінде заңбұзушылықтың алдын алу шаралары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Полиция әкімшілігінің жұмыс тәртібі бұрынғыдай. Қызметкерлер тәулігіне 13-14 сағат ауысыммен жұмыс істейді. Көптеген кәсіпорын өз жұмысын қайта бастауына байланысты қаладағы көлік қозғалысы 10-15% артты. Біз жағдайды бақылауда ұстаудамыз. Жұмыс уақытын біршама өзгерттік. Мобильді посттардың жұмыс істеу уақыты қысқарды. Бірақ патрульдер аулаларды аралап, бақылау-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді «, – дейді Е.Чупеков.

Әкімшілік полиция басқармасы бастығының айтуынша, полиция қызметкерлерінің тұрғындармен жұмысты күшейтудегі басты мақсаты коронавирус инфекциясының алдын алу мен ескертуге бағытталған.

«Азаматтардың шыдамды болуын сұраймын. Біз жазалау шараларын қолданбауға тырысамыз. Басты мақсат – алдын алу. Ескертумен ғана шектелгіміз келеді. Тұрғындар тарапынан түсіністік бар», – деп атап өтті Е.Чупеков.

Елордада полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік жүргізіп, қаланың барлық аудандарында азаматтар мен автокөліктер қозғалысын қатаң бақылауда. Мобильді топтар, жаяу жасақ жұмылдырылған. Блокпосттардағы жағдай дрон көмегімен қадағалануда.

Қала аумағы көше шекаралары бойынша шаршыларға бөлінген. Олардың әрқайсысында тәртіп сақшылары жағдайды қадағалайды. Қалада 26 мобильді бекет қойылған.

Нұр-Сұлтанда азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуды, қажет болған жағдайда медицина мекемелеріне жүгінуді, сондай-ақ қызметі рұқсат етілген жұмысқа шығуды қоспағанда, азаматтардың үйден шығуы шектелген. Кәмелетке толмағандарға қала бойынша ересектерсіз жүруге тыйым салынады. Отбасы мүшелерін қоспағанда, көшелерде үш адамнан артық жиналуға рұқсат етілмейді.

Полиция қызметкерлері тұрғындар арасында енгізілген шектеулерді сақтау туралы түсіндірме жүргізуде. Төтенше жағдай режимін және шектеу шараларын қасақана бұзған жағдайда тиісті заңнамаға сәйкес шара қолданылады.