«Елордада әртүрлі үлгідегі 399 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Барлық балабақша 17 тамыздан бастап кезекшілік топ режимінде жұмысын қайта бастады. Бүгінгі күні қала бойынша балабақшаларға 8 мыңнан астам бала барып жүр. Бұл - біздің тәрбиеленушілердің 15 пайызы. Мектепке дейінгі ұйымдарда кезекші топтардың жұмыс істеу режимі бойынша балалар мен қызметкерлер, сондай-ақ ата-аналар үшін жұмыс алгоритмі құрастырылған», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында орта білім беретін 117 мектеп жұмыс істейді. Бұған қоса биылғы оқу жылында 3 жаңа мектеп ашылады деп жоспарланған. Оның екеуі - жалпы орта мектеп болса, біреуі - мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнаулы мектеп саналады.
«Елорда бойынша оқу жылының басында мектеп оқушыларының саны 202 мыңнан асады деп болжап отырмыз. 1-сыныпқа 26 мыңнан астам оқушы қабылданады. Бүгінгі күні 23 164 өтініш берілді», - деді департамент басшысы.
Шолпан Қадырованың айтуынша, оқу процесі ҚР Білім және ғылым министрлігінің әдістемелік ұсынымдарына сәйкес жүргізіледі.