«Ұстаздардың еңбегі зор! Олар бір емес бірнеше буынға білім берді. Біз өз тарапымыздан одан әрі қолдау көрсетіп, қолайлы жағдай жасаймыз. Бүгін оқу орындары директорларымен білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, келесі жылға жұмыс жоспарын бекіттік» деп жазды Алтай Көлгінов өзінің Instagram парақшасында.
Қала әкімі осы салада атқарылып жатқан шараларға жан-жақты тоқталды.
Бірінші. Оқу орындары құрылысы.
Мұғалімдер білім сапасын ғана ойлауы үшін оқу орындарын жүйелі түрде салу керек. Биыл мектеп құрылысы қарқынының артуына байланысты үш ауысымды мектептер санын 8-ден 4-ке дейін, толы режимдегі мектептерді 22-ден 14-ке дейін азайта алдық.
5 жылға арналған кешенді жоспар аясында 50 мемлекеттік мектеп құрылысын жоспарлап қойдық. Бұған қоса қосымша оқу орындары жекеменшік инвестициялар есебінен салынып жатыр. Шағын мектептер салудан бас тартып, ірі мектептер салуға көштік.
Екінші. Баспана жағдайы. Сыйақы.
Мемлекет басшысы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдады. Биылғы 1 қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы 25% өсті, алдағы жылдары да еңбекақы артады. Тұрғын үй сертификаттары тегін беріледі.
Қазақстан ипотека компаниясымен бірлесіп, бір мың әлеуметтік пәтер тапсырамыз. Оны алушылар қатарында білім саласының мамандары да бар. 2019 жылы мұғалімдерге жатақхана салып бердік.
Биылғы күзде «Нұр-Сұлтан қаласының құрметті педагогі» медалі иегерлеріне де алғаш рет ақшалай төлем енгіздік. Әр иегерге 830 мың теңгеден астам қаржы беріледі.
Үшінші. Гранттар. Біліктілікті арттыру.
Түлектерімізді қолдаймыз. «Мұғалім» мамандығы бойынша гранттар санын көбейттік. Тегін білімге шамамен 900 грант бөлінді.
«Сонымен қатар мұғалімдердің біліктілігін арттырумен айналысу қажет. Ондаған мектеп салуға болады, бірақ балаларды қабырға емес, өзіміздің педагогтер оқытады. Біліктілікті арттырып, тәжірибе алмасу үшін семинарлар, шеберлік сабақтарын өткіземіз. Кембридж университетімен бірлесіп, бес мектепте «Share» бағдарламасын іске қостық. Мұғалімдер бұл бағдарлама бойынша шетелде де жаңа қажетті біліммен сусындауға мүмкіндік алды. Бағдарламаны келесі жылы да жалғастырамыз» деп атап өтті шаһар басшысы.
Биылғы жыл педагогтер үшін оңай болмады. Мұғалімдер қысқа мерзімде оқыту форматын өзгертіп, оқушыларға онлайн режимде білім беріп жатыр.
9 және 11 сынып оқушылары үшін биылғы оқу жылы бітіретін жыл екенін ескеріп, олар 3 тоқсаннан бастап аралас оқыту форматына көшетін болды.