Нұр-Сұлтанда әлемге әйгілі әйелдер өмірінен сыр шертетін көрме ашылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада 8 наурыз -Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Еуроодаққа мүше елдер мен Қазақстанға танымал тарихи тұлға саналатын әйелдерге арналған көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көрмеге 28 әйелдің портреті қойылған. Олардың барлығы өз елінде, ал кейбірі әлемдік деңгейде кеңінен танымал тұлғалар. 27 картина Еуроодаққа мүше елдердің танымал әйел тұлғалары және бір портрет Қазақстанға арналып отыр. Бұл әйелдер ХІХ-ХХ ғасырда өмір сүрген, әр салаға еңбегі сіңген жандар. Қазақстаннан танымал композитор, атақты домбырашы Дина Нұрпейісова таңдап алынды. 8 наурыз мерекесі нәзік жандарға гүл мен шоколад сыйлаумен ғана бітпейді. Осы мерекеде біз әйел теңдігі, олардың құқығы мен қоғамдағы орны туралы да сөз қозғауымыз керек», - деді Еуроодақтың Қазақстан Республикасындағы елшісі Кестутис Янкаускас көрменің ашылу салтанатында.

Көрме 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай ұйымдастырылып отыр.

«28 елден елге еңбегі сіңген әйелді таңдап алу оңайға соққан. Біз бір елден бір әйелден ғана таңдалды. Таңдауға келгенде біз әр елдің елшілігімен ақылдасып, кімді таңдайтынымыз туралы ортақ бір шешімге келдік. Яғни 28 елдің елшілігімен ақылдаса келе, осы залда қойылған тұлғалар таңдалынып алынды», - дейді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеден бөлек, атақты әйелдердің өмірбаяны мен шығармашылығы жазылған «Асыл тұлғалардан шабыт ал» атты кітап жарық көрді.

«Дәл осындай көрме Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Еуроодаққа мүше елдерде мұндай көрме өткен емес. Алдағы уақытта бұл жобаны одан әрі жетілдіріп, түрлендіре түсетін боламыз. Бізге бұл көрмені ұйымдастыру идеясы «Айшолпан» кітабын көргеннен кейін келді. Кітаптың мазмұны мен суреті өте қатты әсер қалдырды. Осылайша бірнеше ұйым бірлесіп көрме өткізуге келістік. Кітаптағы әйел тұлғалардың бейнесін халық кеңінен тани түсу керек деген шешімге келдік», - дейді Нидерланды королдігінің Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы елшісі Андрей Карстенс.

Елорда тұрғындары мен қала қонақтары аталған көрмені «Керуен» сауда, ойын-сауық орталығында 16 наурызға дейін тамашалай алады.

Айта кетейік, аталған шараны ұйымдастырушы Нидерланды королдігінің елшілігі, БҰҰ әйелдер және Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігі.