Нұр-Сұлтанда биыл 10 мың әлеуметтік пәтер салынады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов биыл салынатын әлеуметтік баспаналар жайлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Баспана мәселесі қала тұрғындары үшін қашанда өзекті болып қала бермек. Тұрғын үй қолжетімдірек болуы үшін бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүріп жатыр. Олар – жеңілдікпен берілетін қолжетімді тұрғын үй салу, тұрғын үй кешендерін жөндеу, апатты жағдайдағы және ескі үйлерді бұзу, құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау және басқасы.

Жеңілдікпен берілетін пәтерлер салу жұмысы «Байтерек» холдингінің еншілес ұйымдары желісі бойынша жүріп жатыр. Осы себепті бірқатар ұйымның басшылығымен жиналыс өтіп, өзекті мәселелер қарастырылды. Осылайша бүгінге дейін жүргізілген бағдарламаларды ары қарай жалғастырамыз. Мәселен, қазақстандық тұрғын үй бағдарламасы (ҚИК) желісі бойынша – медициналық және әлеуметтік қызметкерлерге, педагогтерге, Полиция департаменті мен ТЖД қызметкерлеріне, мәдениет және спорт қайраткерлеріне арналған әлеуметтік тұрғын үй», - деп жазды қала басшысы Instagram-парақшасында.

Алтай Көлгінов өткен жылдан бастап Отбасы банкі желісі бойынша кезекте тұрғандар жастар үшін арнайы бағдарлама іске қосылғанын еске салды.

«Тұрғын үй бойынша жеңілдетілген әлеуметтік несиелендіру бағдарламасы қаламыздың 36 жасқа дейінгі жастарына (күйеуінің/әйелінің жасы маңызды емес) арналған.

Мемлекет басшысы азаматтардың қолжетімді баспана сатып алуына жағдай жасау мәселесіне ерекше назар аударуды тапсырды. Биыл біз тағы да 10 мың әлеуметтік пәтер салуды жоспарлап отырмыз», - деп жазды елорда әкімі.