Оның айтуынша, бір науқас 21 наурыз күні кешке анықталды. Ол коронавирус жұқтырған адаммен жақын байланыста болған адам ретінде тексеруге алынған еді.
«22 наурыз күні тағы екі жағдай тіркелді. Оның біреуі - өкпе қабынуы күдігімен стационардағы бокста жатқан. Диагностикалау кезінде коронавирус инфекциясы анықталды. Қазіргі уақытта оның дене қызуы жоқ, бірақ жағдайы ауыр. Екі жақты пневмония, 1-деңгейдегі тыныс жетіпеушілігі бар. Пәнаралық топ консилиумы тағайындады», - деді басқарма басшысы «Хабар 24» телеарнасында өткен брифингте.
«Қалған 30 науқастың жағдайы қанағаттанарлық, дене қызуы шекті межеде. Коронавирустық инфекция бойынша хаттамаға сәйкес ем-дом алып жатыр», - деді С. Қисықова.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы аумағында коронавирус инфекциясын жұқтырған жалпы 56 науқас тіркелді. Нұрсұлтан қаласында 31 адамда коронавирус инфекциясы анықталды. Алматы қаласында - 22 адам, Қарағанды қаласында - 2, Алматы облысында 1 адам.
Бұған дейін басқарма басшысы елордада Нұрсұлтан Назарбаев атындағы әуежайға келген 600-ге жуық жолаушының тексеріліп жатқанын хабарлады.