Нұр-Сұлтанда халықаралық көрме орталығы ашылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «EXPO» атты жаңа халықаралық көрме орталығы жұмыс істей бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл жер «Астана ЭКСПО -2017» көрмесі кезінде қойма болған. Кейін қойманы тиімді пайдалану мақсатында ойластыра келе, көрме орталығын ашу туралы шешім қабылданды. Бұл орталықта кішігірім ғана емес, кең ауқымды халықаралық деңгейдегі көрмелерді де ұйымдастыру мүмкіндігі бар. Осы секілді көрме орталығы Қазан қаласында бар және Ташкентте енді салынып жатыр, бірақ оның форматы басқа. Көрме орталығының тағы бір ерекшелігі - кеңдігі. Яғни кез келген форматтағы шараны ұйымдастыруға ыңғайлы. Мысалы, кешеден бастап «Automechanika Astana 2021» атты халықаралық автомобильдер көрмесі өтіп жатыр», - деді «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турында.

Көрме орталығының жалпы аумағы - 13 мың шарты метр.

«Көрме орталығы өткен жылдың қыркүйек айында іске қосылды, дегенмен пандемияға байланысты бұған дейін қандай да бір іс-шара өткізу мүмкін болмады. Енді ғана алғаш шара өтіп жатыр. Одан бөлек, алдағы уақытқа жоспарланған іс-шаралар жоспары бар, дегенмен оның өту-өтпеуі елдегі пандемиялық жағдайға байланысты», - дейді ол.

Айта кетсек, аталған халықаралық көрме орталығында Automechanica Astana және Futuroad Expo Astana халықаралық көрмесі ашылды.

Көрме 26 маусымға дейін жалғасады.

Бұған дейін елордадағы EXPO іскерлік орталығы аумағында «Цифрлық үкімет» кеңсесі ашылатынын хабарлаған болатынбыз.