Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғандардың барлығы анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғандармен жақын байланыста болған туған-туыстары мен ұшақта бірге келген адамдардың бәрін анықтау жұмысы аяқталды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғандармен жақын байланыста болған адамдарды, яғни отбасы мүшелерін және ұшақ бортында екі орындық бойынша қашықтықта болғандарды анықтау жұмысы аяқталды. Қазірге дейін Нұр-Сұлтан қаласының стационарларына 138 адам ауруханаға жатқызылды. Елордадан шығып кеткендер өңірлердегі ауруханалар мен инфекциялық стационарларға жатқызылды», - деді басқарма басшысы онлайн форматта өткен баспасөз мәслихатында.

Сәуле Қисықова сонымен қатар 323 адам үй карантиніне жатқызылғанын жеткізді.

«Бүгінгі күні коронавирус инфекциялық жұқтырудың тағы жеті жағдайы тіркелді. Бұл – бұрын коронавирус анықталған адамдармен байланыста болған адамдар. Олар бірден үй карантиніне оқшауланып, олармен лабороториялық зерттеу жүргізілді», - деді ол.

Еске сала кетсек бұған дейін Сәуле Қисықова елордада коронавирус жұқтырғандардың жағдайы туралы айтып берген болатын.