Нұр-Сұлтанда кранның құлау себебі айтылды
20:48, 01 Қыркүйек 2019
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - BI Group компаниясы елордада құлаған автокранға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Компания «Британ квартал» ауданында XCMG автокранының құлағанын растады.
«Алдын ала нұсқа - автокран операторының қателігі болған. Ол жұмыс жүргізу кезінде автокранның алдыңғы бөлігімен (стрела) дұрыс маневр жасамай, осының салдарынан кран аударылып қалған. Мердігері техникасы - «Андрющенко» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі. Зардап шеккендер жоқ. Жеңіл автокөлікке зақым келді», - деп хабарлайды компаниядан.
Компания апаттан келген шығын «Андрющенко» жеке кәсіпкерлігі есебінен өтелетінін хабарлайды.
«Кранды эвакуациялау жұмысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта оқиғаның мән- жайы анықталу үстінде», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін жеңіл көліктің үстіне автокран құлағаны туралы хабарлаған болатынбыз.