Нұр-Сұлтанда мыңнан аса адам қаржы пирамидасының құрбаны болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпрат – Елордада «Астана Раушан касса айналымы» атты қаржы пирамидасының заңсыз қызметінің жолы кесілді. Бұл туралы ҚазАқпарат Қаржы мониторингі комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Аталмыш пирамида 2020 жылдың қаңтар айында елорда тұрғынымен құрылған, ал ол алаяқтықпен жеке тұлғалардың қаражатын иемденіп отырған. Құрылу уақытынан бастап қаржы пирамидасының құрығына мыңнан астам Қазақстан Республикасының азаматы түсті.

Қазіргі таңда аталған факт бойынша ҚР ҚК 217-б. 2-б. 4-т. сәйкес сотқа дейінгі тергеу ісі жүргізілуде (ірі мөлшерде ақшаны тарта отырып, қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету).

Жоғарыда көрсетілген қаржы пирамидасының заңсыз әрекетінен жапа шеккендерді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жүгінуін сұраймыз (Желтоқсан көш., 43, тел. 31-61-45, ұялы тел. 8-701-218-5318, 8-701-888-9316).