Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі ҚазАқпарат тілшісіне Наурыз мерекесінде елордада қандай шаралар өтетіні туралы ақпарат берді.
Әкімдік мәліметі бойынша, Наурыз мерекесіне орай қалада 100-ден астам іс-шара өтеді.
«Қала тұрғындары концерттерге, мерекелік бағдарламаларға, көрмелерге, қойылымдарға, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарға, серуенге және т.б. қатыса алады», -деп жазылған әкімдіктің жолдаған жауабында.
18-19 наурызда қалада әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, жалғыз басты қарт адамдарға және халықтың әлеуметтік осал топтарының басқа да санаттарына азық-түлік себеттерін тарату жоспарлануда.
Сонымен қатар, 19 наурыз күні сағат 11:00-де елорданың Достық Үйі алаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы қала тұрғындары үшін «Қош келдің, әз Наурыз!» іс-шарасын өткізеді. Қонақтарды концерттік бағдарлама, қолданбалы өнер бойынша мастер-кластар, жәрмеңке және ұлттық спорттық ойындар бойынша жарыстар күтеді.
Достық үйінде киіз үйлер мен алтыбақан орнатылып, наурыз көже дайындалады. Киіз үйлердің ішінде елордалық этномәдени бірлестіктердің ұлттық нақыштағы экспозициялары қойылады. Сондай-ақ, әрбір киіз үйде қолданбалы өнер бойынша шеберлік сыныптары көрсетіледі.
Сағат 12.00-де «Бұқа тартыс», «Асық ату», «Гір көтеру», «Қазақша күрес», «Қол күрес» сияқты ұлттық спорт жарыстарц басталады. Жарыс жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар беріледі.
Елорданың этномәдени орталықтары, кәсіби, көркем ұжымдары концерттік бағдарлама ұсынбақ.
18-31 наурыз аралығында қуыршақ театры «Наурыз-думан» қуыршақтар шоуына шақырады. Қойылымдардың басталу уақыты: 10:00, 12:00, 14:00 және 16:00.
Қаланың орталықтандырылған кітапхана жүйесі де мерекеден тыс қалған жоқ. Қалалық кітапханалар күн сайын Наурыз мейрамына орай іс-шаралар өткізеді.
19 наурызда № 3 бұқаралық кітапханада «Ұлыстың ұлы күні Наурыз» әңгіме-ойынын, №2 бұқаралық кітапханада «Нұр себеле – Ұлыстың ұлы күні» мерекелік кешін, №10 бұқаралық кітапханада «Қазақша стилдегі дефиле» тарих сағатын, №15 бұқаралық кітапханада «Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз!» кітап көрмесін ұйымдастыру жоспарлануда.
«Сәкен Сейфуллин мұражайы осы аптада әлеуметтік желілерде Наурыз мейрамы мен Қазақ ұлттық дәстүрлеріне арналған онлайн-іс-шаралар өткізеді», - деп жазады әкімдік мамандары.
Жоспар бойынша Наурыз мейрамын қаланың төрт ауданындағы 20-дан астам орында тойлау көзделіп отыр.
22 наурызда сағат 11:00-ден 15:00-ге дейін барлық ауданда, соның ішінде елорданың елді мекендерінде «Наурыз Думан 2022» мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылады.
«Іс-шарада ведомстволық бағынысты ұйымдардың әртістері мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарламасы, түрлі костюм киген кейіпкерлер мен қуыршақтар шоуының бағдарламасы қарастырылған. Сондай-ақ, жиналған жұрт ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарға қатыса алады, оның ішінде – арқан тарту, асық ату, тоғыз құмалақ және т.б. Бұл күні мерекенің басты белгісі – Наурыз көже ұлттық тағамы да жұртшылыққа таратылады», - дейді әкімдік өкілдері.
Алматы ауданында мерекелік іс-шара «Қазақ Елі» монументі алаңында, «Студенттер» саябағында, Байқоңыр ауданында – «Ататүрік» саябағында, Жазушылар аллеясында, Есіл ауданында – ЭКСПО аумағында және Үркер елді мекенінде, Сарыарқа ауданында – «Көктал» саябағында және Demalys Promenade алаңында өтеді.
Наурыз думаны елордада 25 наурызға дейңн жалғасатын түрі бар. Себебі 25 наурызда елорданың Мемлекеттік Академиялық филармониясында «Наурыз сыйы» Ұлттық сыйлығының қорытынды шарасы өтеді.
Сонымен қатар, 18-22 наурыз аралығында Арнасай көшесі, 109 бойындағы сауда павильонының аумағында Наурыз мерекесіне орай үлкен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Бұл жерден тұрғындаріздеген өнімін базар бағасынан 15% арзанға сатып ала алады.